Аймақтар • 31 Қазан, 2017

Өскеменде актриса Гүлбақыт Бақтыбаеваның бенефисі өтті

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскемендегі облыстық драма театрда осы мәдениет ордасының негізін қалаушы өнерпаздардың бірі, қазақ труппасының белді актрисасы Гүлбақыт Бақтыбаеваның бенефисі өтті. 

Өскеменде актриса Гүлбақыт Бақтыбаеваның бенефисі өтті

Еңбек жолын Зайсан халық театрынан бастап, кейін Ақжар және Жаңалық халық театрларында актриса һәм режиссер қызметтерін атқарып, 2002 жылы облыс орталығына келген талант иесі бұл күні әріптестерінің жылы лебізін естіп төрде шалқайып отырған жоқ, үйренген сахнасына шығып, өнерін паш етті. Көрермендер назарына «Тіл табысқандар» комедиясын ұсынып, басты рөлді сомдап, жанкүйерлерінің қошеметіне бөленді.

Жалпы, Гүлбақыт Бақтыбаеваны әріптестері комедия жанрына келгенде қамшы салдырмайтын актриса ретінде таниды. Үлгілі, өнегелі, өнерлі отбасы ретінде ерекше құрметтейді. «Өскеменде қазақ театры құрылғаннан бері Гүлбақытпен қанаттаса еңбек етіп келеміз. Өмірлік серігі белгілі актер Қанат Ниязбеков те осы театрда жұмыс істейді. Актрисаның ерекшелігі сол, үнемі шығармашылық ізденісте жүреді. Оның еңбекқорлығына, ізденісіне тәнтіміз. Осыдан бірер жыл бұрын Қырғызстанда үлкен театр фестивалі болды. Біз Жеңішгүл Өзбекованың «Толғақ» спектаклін апардық. Мен Ұмай ененің, ол менің келінім рөлінде ойнады. Сол байқауда біз бірінші орынды иелендік. Гүлбақыт бала көтере алмай, науқастанған, өмірден түңіліп, тіпті өзін-өзі өлімге қиюға дейін баратын келіншектің рөлін сомдады. Осы рөлде әріптесімді басқа бір қырынан танығандай болдым», - дейді актрисаның әріптесі Сайраш Қопабаева.

Шара барысында актрисаны қазақ театрының көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеев, жастар театрының көркемдік жетекшісі Айдын Салбанов пен театрдың орыс труппасының ұжымы құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.  

 Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»